АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. 21 жастағы Нұрсұлу Бегжанова "Астана аруы" атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұрсұлу Бегжанова əділ қазылар алқасының шешімімен елорданың ең сұлу бойжеткені атанды. Астаналық ару Қазақ ұлттық хореография академиясының екінші курс студенті.
Ал қазақ агротехникалық университетінің екінші курс студенті 18 жастағы Анастасия Шимина бірінші вице-мисс, 19 жастағы Маймуна Күлкешова екінші вице-мисс атағын жеңіп алды. Сондай-ақ биыл сұлулық байқауында алғаш рет "Туризм аруы" номинациясы бекітілген. Бұл номинацияда 21 жастағы Жанна Сағындықова топ жарды.
Биыл сұлулық байқауында 17 мен 24 жас аралығындағы 18 бойжеткен бақ сынады. Арулардың ең жасы — 17 жастағы Юлия Корнилова.
Байқау 4 кезеңнен тұрды. Конкурстың бірінші кезеңінде бойжеткендер белгілі дизайнер Қайролла Əбішевтің "Алтын адам" стиліндегі киім үлгісін киіп шықты. Екінші кезеңде астаналық арулар əдеттегідей өзін таныстырды. Осы орайда айта кетерлігі, биылғы байқауда интеллектуалдық, яғни сұрақ-жауап бөлімі алынып тасталды.
Үшінші кезеңде "Астана аруы" атағына үміткерлер би билесе, соңғы төртіншісінде қатысушылар сахнаға кешкі көйлекпен шықты. Астаналық бойжеткендердің өнеріне дизайнер Ханум Айдаш, əнші Ринат Малцагов, Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит, дизайнер Қайролла Əбіш, байқау директоры Ольга Радеш баға берді.
"Астана аруы" байқауының директоры Ольга Радештің айтуынша, биыл байқау жеңімпаздары үшін ақшалай сыйлық қарастырылмаған. Байқау ұйымдастырушысы — "PrimaVera" сəн агенттігі.