АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. "Қазақстан аруы-2016" атағын жеңіп алған қызылордалық сұлу Гүлбану Әзімханова "Әлем аруы-2017" байқауында еліміздің намысын қорғайды.
Гүлбану Әзімханова "Әлем аруы-2017" байқауына қатысу үшін Қытайға барды. Бұл туралы "Қазақстан аруы" байқауының инстаграмдағы ресми аккаунтында хабарланды.
"Қазақстан аруы-2016", біздің сұлуымыз Гүлбану Әзімханова бүгін Қытайға "Әлем аруы" байқауына ұшып келді. Байқаудың финалы Санья қаласында 18 қарашада өтеді. Қызу дайындық жүріп жатыр", — деп жазылған әлеуметтік желідегі парақшада.
Қазақстандық ару өзінің парақшасында да Гуанчжоу қаласында екенін жазған.
"Бүгін #missworld менің алғашқы күнім. Мен Қытайда Гуанчжоу қаласындамын. Күн өте жылы", — деп жазған Әзімханова.
18 жастағы қызылордалық ару Гүлбану Әзімханова өткен жылы желтоқсанда өткен "Қазақстан аруы-2016" байқауында еліміздің ең сұлу аруы атағын жеңіп алды. Ол 5 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен бірге, "Әлем аруы-2017" байқауына Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігіне ие болды.