АСТАНА. 15 қараша — Sputnik. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана сатып алу үшін қазақстандық отбасының табысы 150 мыңнан 200 мың теңге аралығында болуы тиіс. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 1 миллион адамға жуықтады. Былтыр 250 мыңға аз болатын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша өңірлерде баспана құнын 1 шаршы метрге 140 мың теңге, Алматы, Астана, Атырау мен Ақтауда 180 мың теңге деп есептедік. Мәселен, 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер өңірлерде 7 миллион теңге, ал қалған төрт қалада 9 миллион теңге болады. Ай сайын 50-70 мың теңгеден төлеп тұру, меніңше, орташа табысы 150 мыңнан 200 мың теңге аралығында болатын отбасы үшін қиын емес. 7-10 жыл аралығында пәтердің құнын төлеп бітіруге болады", — деді Жайымбетов.
Жайымбетовтің айтуынша, жыл сайын кредиттік баспана бағытында 15 мыңнан 20 мыңға дейін пәтер салынады. Нәтижесінде 15 жылда шамамен 300 мың пәтер тұрғызылады. Баспана алу үшін бастапқы жинақ пәтер құнының 30%-ы көлемінде болуы тиіс.
"Бұған қыруар қаржы бөлінеді. Жыл сайын біз "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" осы мақсаттарға 24 миллиард теңге бөлеміз", — деді ол.