АСТАНА, 23 қазан — Sputnik. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде 69,9 мың баспана салынды, деп мәлім етті ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Министр баяндағандай, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд теңге, оның ішінде 108,4 млрд. теңге мемлекеттік инвестиция жұмсалған.
"7,9 млн. шаршы метр тұрғын пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға артық. Бағдарламаның жылдық жоспарына орай тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 78,2%-ға орындалды. Барлығы 69,9 мың баспана салынды", — деп атап өтті Қасымбек үкімет отырысында.
Оның айтуынша, биыл сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5 936 пәтердің құрылысы басталған. Оның ішіндегі 2 697 пәтер биыл пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта Атырау мен Жамбыл облыстарында 78 пәтер дайын, қалғаны жоспар бойынша жылдың соңына дейін тапсырылмақ.
"Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған 60 мың жер учаскесіне, оның ішінде бұдан бұрын берілген 35,8 мың және жаңа 24,8 мың учаскеге инженерлік коммуникация тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеке тұрғын үй құрылысының пилоттық жобасы аясында 6 өңірде бірыңғай сәулеттік стильде 1975 үйдің (219,3 мың шаршы метр) құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 362 үй биыл пайдалануға беріледі", — деді министр.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, жергілікті атқарушы органдар тарапынан кредиттік тұрғын үйлер бойынша 8495 пәтер жоспарланған. Іс жүзінде жылдың басынан бері 3731 пәтер пайдалануға берілді және жылдың соңына дейін 4764-і тапсырылады.
Бұдан бөлек, "Байтерек девелопмент" АҚ салып жатқан кредиттік тұрғын үй бойынша 6570 баспана салу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 4625 пәтер пайдалануға берілді және жылдың соңына дейін қосымша 1945 пәтер тапсырылмақ.
"Құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру тетігі биыл 2-ші тоқсаннан бері белсенді жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні екінші деңгейдегі банктер құрылыс компанияларының құны 57,2 млрд. теңге болатын 32 жобасын қарап жатыр. Жалпы 35,1 млрд. теңге сомасындағы 17 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде өңірлік үйлестіруші кеңестер және екінші деңгейдегі банктер 12,2 млрд. теңге сомасындағы 11 жобаны мақұлдады, 22,9 млрд. теңге сомасындағы 6 жобаға шарт жасалды. Қалған 15 жобаны екінші деңгейдегі банктер қарау үстінде", — деп хабарлады Қасымбек.