АСТАНА, 14 қараша — Sputnik. Қарағандыда үш апта бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен жас бизнесмен Әлішер Тұрағұл іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлішер Тұрағұл отбасымен Қарағандыда тұрады. Үйленген, бір жасар сәбиі бар. 1993 жылғы жігіт тауар жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысады. 24 қазан күні түнгі 23:10 шамасында Қарқаралыға тауар жеткіземін деп үйден шығып кеткен. Алайда сол күннен бері одан еш хабар жоқ.
Жас кәсіпкердің туысқандары Әлішерді халықаралық іздеуге бермекші. Себебі ол тауар жеткізу үшін көрші Қырғызстанға жиі барып тұратын еді дейді олар. Қазір ҰҚК-де бұл мәселе шешіліп жатқан көрінеді.
"ІІД күйеуімнің сол күні Шуға үш рет билет алғанын айтты. Түнде вокзалда ұйықтап қалып, екі рет кешігіп қалған. Үшіншісі 25 қазанға сағат он бірге алыныпты. Сол күні кешкі ондарда Шуда болуы керек екен. Бірақ біз оны Шудан таба алмай келдік", — дейді Әлішердің әйелі.
Оның айтуынша, күйеуі ешкіммен жанжалдаспаған, достарымен қарым-қатынасы жақсы. Отбасында да ұрыс-керіс болмапты.
"Қазіргі таңда жедел іздестіру тобы құрылып, жоғалған азаматты іздестіруде. Тұрақты мекенжайын табу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге ештеңе айта алмаймыз", — деді Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.