АСТАНА, 8 қараша — Sputnik.Павлодар облысында 30 жастағы Андрей Шопинский балық аулауға кетіп, қайта оралмаған, деп хабарлады VITA павлодарлық клубының еріктілері әлеуметтік желіде.
Еріктілер Sputnik Қазақстан агенттігіне хабарлағандай, Шопинский 6 қарашада Ертіс ауданында Ертіс өзеніне балық аулауға барып, жоғалып кеткен. Ол балық аулауға екі досымен барыпты.
"Достары іздеп жатыр, түнгі сағат екі кезінде олар ұйықтауға кетеді, ал Андрей отыра береді", — деп хабарлады жоғалып кеткен жігіттің жары Алена агенттікке. – Таңғы сағат он кезінде олар ұйқыдан тұрса: айнала жым-жырт, заттардың түгелі орнында, ал Андрей болса жоқ".
Күйеуінің жолдастары балық аулаған жерде тік құлама бар екенін айтыпты.
"Ол шатырға қарай көтеріле бергенде, аяғы тайып құлап, басы айналып, суға батып кетуі мүмкін", — деп пайымдайды жігіттің жары.
Алайда, бұл шын болған жағдайда, зардап шегуші жардың астында болар еді, өйткені ол жерде ағыс жоқ. Сүңгуірлер тереңді шаралап Андрейді таппаған.
"Сүңгуірлер іздеуді жалғастыруда, екінші жағалауға дейін қарап жатыр. Біз еріктілермен бірге маңайды шарлап жүрміз, адасатындай жер емес. Бәлкім, денесі мұздап, үсіп қалған шығар, бұл жерде бұта көп…", — дейді Алена.