АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. iPhone X иелері смартфонның тағы бір ақауына шағымданды, деп хабарлайды РИА Новости.
Адамдар дыбысты бар қаттысына қойған кезде және қоңырау шалғанда динамикте сатыр-сұтыр дыбыс шығатынын айтты.
Қыркүйек айында iPhone 8 смартфонынан да осыған ұқсас ақау табылған еді. Сол кезде Apple компаниясы дыбыстағы проблеманы жаңа нұсқада жөндеуге уәде берген болатын.
Бұған дейін iPhone X иелері дисплейдің сол жағында тігінен шыққан жасыл сызыққа шағымданды. Смартфонды өшіріп, қайта қосқанмен жасыл жолақ кетпеген. Телефон иелері смартфонның жерге түспегенін, ешқандай физикалық әсерге ұшырамағанын айтып жатыр.
Сондай-ақ, iPhone X экраны суықта басқан кезде, еш реакция бермейтін көрінеді. Apple компаниясы бұл олқылықты түзеуге тырысатындарын мәлімдеді.
Айта кетсек, iPhone X смартфондары 3 қарашада сатылымға түсті. АҚШ-та жаңа модель 999 долларға сатылып жатыр.