АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. Өткен жылы біз қос бүйрегі бірдей істен шығып, ауыр науқасқа шалдыққан Жәмила Байсеріковаға Алматыда ота жасалды. Шымкенттік бойжеткенге ешқандай туыстық қатынасы жоқ оралдық Абзал Әділов бүйрегін тегін берген. Бұл туралы "Замана" жазды.
Жәмила Байсерікованың көпшіліктен көмек сұраған бейнебаяны "Ютуб" желісіне де жарияланған болатын. "Өмір сүргім келеді!" деп шырылдаған бойжеткен бүйрек алмастыру операциясы үшін 5 миллион теңге қаражат керектігін айтқан еді. Міне, осы мәселе арада жылдар салып, ақыры өзінің оң шешімін тапты. Жәмила бүйрек ауыстырды. Отаны жасау барысында қандай қиындықтар болғанын Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаева айтып берді.
Оның айтуынша, сөйтіп жүргенде үшінші күні Жәмиланың қан қысымы 220-ға көтеріліп, Қалқамандағы 7-ші аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Жәмила онда 17 күн ем алыпты. Одан шығып, күнара гемодиализ, анализ тапсырамыз деп жүргенде тағы да қан қысымы көтерілген. Бұл жолы ауруханада 10 күн жатады.
"Дәрігерлер қызымның өкпесінде 1,5 литр су бар деді. Шымкентте дәрігерлер ондай ештеңе айтпаған болатын. Әлде байқамады ма, әйтеуір тек қанын тексеретін. Өкпесі туралы ештеңе айтқан емес. Жәмиланың ентігіп, төрт жастыққа сүйеніп отырса да ұйықтай алмайтыны содан екен. Өкпедегі суды арнайы шприцпен алды. Енді жақсы бола бергенде 3-4 күннен кейін тағы да 1,8 литр су бар болып шықты. Өкпеге неге су толып қала беретінін анықтау керек болды. Дәрігерлер "егер бұл ұзақ уақыт гемодиализ алғаннан ағзаның шаршауы, тозуынан болса, онда операция жасауға болады. Ал басқа ауру болса, онда операция жасатуға рұқсат ете алмаймыз" деді. Сөйтіп 10 қазан күні Жәмиланың бүйрегінен бұрын өкпесіне операция жасаттық. Дәрігерлер қызымның өкпесінен кішкентай тілік алды. Оны тексеріп, өкпеде ешқандай ауру жоқ деген қорытынды жасады", — дейді Құрманкүл Құлмырзаева.
Отбасы Алматыда бір ай ғана боламыз деп ойлаған. Алайда осы әуремен екі ай жүріп қалған. Қызы ауруханада, өзі көмек көрсетіп жүрген "Қайырымды жандар" еріктілер тобындағы бір жас қыздың пәтеріне бір айға қоныстанған екен.
"Таныс не туыс жоқ қалада екінші айда барар жер таппай қиналып қалдым. Біздің жағдайымызды газет пен әлеуметтік желіден оқып-біліп, жағдай сұрап тұратын бір жігіт бар еді. "Өнер қырандарындағы" Құдірет есімді азамат. Абырой болғанда, сол хабарласып қалды. Жағдайымды естіген соң пәтер ақысын төлеп берді. Шынымды айтсам, Құдіреттің пәтерге екі айға қанша ақша төлегенін де білмеймін. Қызымның өмірі үшін арпалысып жүріп, оны сұрауға да шамам болмады. Тек алғысымды айтып, жылап жібердім", — дейді ол.
Пәтер мәселесі шешіліп, өкпе анализі анықталған соң Жәмила А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында тағы бір ай жатқан. Гемодиализді сол жерде қабылдап, анализдерін тапсырған. Сол кезде құлағында шу пайда болып, нашар еститін болып қалады. Осы себепті ЛОР-дәрігер операцияға жібермеуіміз мүмкін депті.
Сонымен не керек, құлақтағы шудың себебін анықтау үшін сабылдық. Тексерулер Жәмиланың құлағы 63 пайыз ғана еститінін көрсетті. Сонда ЛОР-дәрігерлер әулетімізде құлағы керең немесе нашар еститін адам бар-жоғына дейін сұрады. Құлақтағы шу мен нашар естуі қан қысымының ұдайы көтерілуі мен гемодиализ салдары болып шықты. Екі нефролог операция сәтті өтсе, қан қысымы қалыпқа келген соң құлағы біртіндеп ашылады деген қорытынды жасады. Ақыры дәрігерлер бір ауыздан ағзасы жас кезде операция жасаса, бүйрек тез үйреніп, Жәмила қалыпты өмірге оралады деді. Сөйтіп операцияға рұқсат берд.
Алматы Шымкентке қарағанда салқын ғой. Мен қызымның жағдайымен әуре болып жүргенде Абзал суық тиіп ауырып қалды. Ол да біраз күн ем алды. Жәмила екеуінің шашының ұшынан тырнағына дейін түгел тексеруден өткіздік. Ағза алмастыру үшін екеуінің де он екі мүшесі сау болуы керек екенін дәрігерлердің бәрі де қайта-қайта ескертіп отырды. Тіпті Жәмила мен Абзалдың тісіне дейін емдеттік.
Шымкенттегі дәрігерлер Абзалдың бізге туыстық қатысы жоғын біледі. Операция осы мәселеге орай созылып кетіп еді. Күмәндары болды ма, кім білсін? Алматыда бізді олай сандалтқан жоқ. Бүйрегін өз еркімен тегін беріп жатқанын растайтын құжат әкел деді. Оны нотариус 1200 теңгеге рәсімдеп берді. Сөйтіп 20 қазан күні таңғы сағат 8-де Жәмила мен Абзалды операцияға алып кетті. Түс қайта сағат 3-тен кейін "Сәтті өтті" деген сүйіншілі хабар естідім. Ешқашан бітпестей көрінген үш жылғы уайымым мен азабым осылай сейілді", — дейді Құрманкүл Құлмырзаева.
Абзал төрт күннен кейін ауруханадан шығыпты. Жағдайы жақсы. Көңіл-күйі қалыпты.
"Оған аналық алғысымды айтып, бетінен сүйіп шығарып салдым. Ол Оралдың жігіті. Құрылыс саласында жұмыс істеген. Біздің операцияға дейін арпалысқан күндерімізде 4 айға дейін жанымызда жүрді. Қиналған сәтімізде бәрі жақсы болатынын айтып, жұбата сөйлеген азаматтығының өзі бір төбе! Анасы оның бүйрегін Жәмилаға бергенін біледі. Баласының шешіміне қарсы болған жоқ. Осындай кең жүректі азамат тәрбиелеген анасына мың алғыс!
Жәмила әлі әлсіз. Ұзақ уақыт ауырғандықтан ағзасы әлсіреп қалған. Оған әлі де күтім керек. Қабылдайтын дәрілері де көп. Әр сағат са-йын өзім қадағалап, дәрі беріп отырамын. Бірақ үш жылғы уайыммен салыстырғанда ол енді біз үшін түк те қорқынышты емес. Дәрігерлер бүйрек толық орнығып, қан қысымы қалыпқа келген соң құлағы біртіндеп ашылады деді.
Операцияны "А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов, бас дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Алмат Чорманов, урология-трансплантология бөлімінің меңгерушісі Равиль Ибрагимов және уролог-дәрігерлер Ислам Мададов пен Жаннұр Сырымовтар жасады. Дәрігерлер тарапынан ақша дәмету, сұрау деген нәрсе болған жоқ. Жолдамаң жоқ демеді. Операцияға дейін де, одан кейін де әр дәрігер жеке-дара келіп, Жәмила мен Абзалдың жағдайын сұрап, не ішіп, не жеп жатыр, қандай дәрі қабылдады, іші қатып қалған жоқ па, бүге-шегесіне дейін сұрап, тексеріп тұрды. Емдеуші дәрігері бар ғой деп қоя салмайды", — деп сөзін аяқтаған ол Алматының дәрігерлеріне айрықша риза екенін жеткізді.