АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. Дубайда (БАӘ) «Dubai Air Show – 2017» XV Халықаралық әуеғарыш көрмесі аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, БАӘ Премьер-министрінің орынбасары, БАӘ Президент ісі жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл-Нахаян мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин үшжақты ресми кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің сайты.
Тараптар келіссөздер барысында ғарыш саласында инновациялық жоғары технологиялық әзірлемелерді қолдана отырып, бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мүмкіндігін талқылады. Әмірлік тарапы «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазіргі жағдайымен және оны одан әрі дамыту келешегімен танысты.
Айта кетейік, «Dubai Air Show – 2017» Халықаралық әуеғарыш көрмесі азаматтық және әскери әуе өнеркәсібінің жетекші әлемдік шарасы саналады. Ол – үнемі әлемнің түрлі елдерінің үкіметтік орталарының, жоғары дәрежедегі әскерилер мен бизнесмендердің назарын аудартатын көрме. Мұнда көрме қатысушылары жауапты тұлғалармен және сарапшылармен жақын араласа алады.
Dubai Air Show — екі жылда бір рет өткізілетін әлемдегі ең ірі аэрошоулардың бірі. «Dubai World Central Aerotropolis»-тің көрме ауданы 645 000 м2 құрайды.