АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Иранда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 141 адамға жетті, деп хабарлайды РИА Новости.
Жер сілкінісі 12 қарашада Иран мен Ирак шекарасында болды. Еуропалық жерортатеңіздік сейсмологиялық орталықтың мәліметінше, зілзала магнитудасы – 7,2. Табиғи апат салдарынан Иракта алты адам мерт болды.
Қызыл жарты ай ақпаратына сүйенсек, 70 мыңға жуық ирандықтың үйі жермен-жексен болған, қазір олар уақытша баспанаға мұқтаж. Ел билігі зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуде.
Түркия Иран халқына көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Зілзаладан зардап шеккен Ирак өңіріне мобильді топтар жіберілді, Түркия ауруханалары жаралыларды қабылдауға дайындалып жатыр.