АСТАНА, 10 қараша — Sputnik. Ұлттық ұланның елордалық құрама сарбаздары көше бойында суық қарумен әскери жасаққа қарсы ұмтылған бұзақыны құрықтап, сабасына түсірді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Астана қаласы Жирентаев көшесінің бойында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылап жүрген жедел құраманың әскери жасағына шабуыл жасалды.
Дәлірек айтсақ, ұландықтарға қарсы келе жатқан жас шамасы қырықтарға жуықтаған белгісіз азамат бірден күдік туғызды. Оның шапшаң жүргені, қолын шалбарының артқы қалтасына салып алуы сарбаздарға сезікті боп көрінген.
Көше тәртібін күзету барысында заңбұзушының психологиясын әбден зерттеп алған сарбаздарды ішкі түйсігі алдамапты. Жақындай бергенде әлгі азамат жалаңдатып пышағын алып шығып, әскерилерге қарай тап берген.
Алайда қорғаныстың да түрлі әдіс-айласын меңгерген жасақ шапшаң әрекет ете білді. Жасақ жауынгері қатардағы Гасанбек Бабаханов бұзақының қолын жылдам қағып жіберіп, пышағын ұшып түсірді де, аяғымен баса қойды. Жасақ бастығы қатардағы Бекарыс Демесенов пен екінші патруль қатардағы Құрманғазы Кесікбай осы сәтте қолын артқа қайырып, күдіктіні тырп еткізбеді.
Ұландықтар оқиғаны дереу әскери жасақ кезекшісі аға лейтенант Жеңіс Құрамысовқа баяндап, күдіктіні Алматы аудандық ішкі істер басқармасына жеткізді. Қазіргі уақытта істің мән-жайын анықталуда.