АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Ұлттық ұлан әскерилері эпилепсия ұстамасы ұстап қалған қыз балаға алғашқы көмек көрсетті, деп хабарлады ҚР Ұлттық Ұланы "Орталық" аймақтық қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Оқиға 12 шілдеде болған. Сержант Ибраев пен патрулдік қатардағы сарбаздар Ғайнешов, Тұрғанбек және Жақсығалиев Астанада қоғамдық тәртіпті күзету бойынша қызметте жүреді. Жігіттер эпилепсия ұстамасы ұстап, жерде жатқан қыз баланы көріп қалады.
Әскерилер қыз балаға алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған: ағаш бұтасымен оның аузын ашып, тілін шығарған. Соның арқасында қыз бала тыныс ала бастапты.
Сарбаздар қыздың есін жиғанына көз жеткізіп, оқиға орнына келіп жеткен анасына табыстайды.
Баланың анасы Ирина Саламатова әскерилерге шын жүректен алғысын білдіріп, Астана ІІД-не хат жазып, сарбаздарды марапаттауды сұрайды.