Қоғам

Тамара Асар: қазақтың ұлттық киімін Димаш арқылы әлемге таныту керек

© Sputnik / Болат ШайхиновТамара Асар
Тамара Асар - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ханум Айдаштың "Қазақ ұлттық киімдерінің қазіргі заман мәдениетіне ықпалы" атты монографиясының тұсаукесеріне отандық эстрада жұлдыздары қатысты

АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал дизайнер Ханум Айдаштың "Қазақ ұлттық киімдерінің қазіргі заман мәдениетіне ықпалы" атты монографиясы таныстырылды. Мәдени шараға жиналған отандық эстрада жұлдыздары ұлттық киім мен әшекейлердің әншілер үшін маңызына тоқталып, қазақтың дәстүрлі киімін насихаттау жолдарын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Эстрада жұлдызы Жеңіс Ысқақованың айтуынша, қазақтың ұлттық киімі мен әшекейлерін әнші, сәнгерлер арқылы насихаттап, өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Ырза Тұрсынзада - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Ырза Тұрсынзада: халықтың тарихи тамыры мен дәстүрі шетелдік брендтерден мықты

"Біз өнер адамы ретінде сахна арқылы дәстүрлі киімдерімізді, ою-өрнектерімізді насихаттауымыз керек. Қазір қарап отырсаңыз, әлемдік модадағы Versace, Gucci, Chanel брендтерін өздерінің ерекше өрнегі, элементтері арқылы бәрі таниды, біледі. Біз де қазақтың өрнектерін қазақ модасы деп көрсетуіміз керек. Өнер адамдары бұл үшін не істей алады? Бүкіл халық, болашақ ұрпақ, жастар біздің сахнадағы киімдерімізге қарап еліктеуі мүмкін. Сондықтан көйлектерді таза қазақша қылып емес, заманауи, әдемі етіп, ою-өрнекті, ұлттық фрагменттермен әрлеп, тігу қажет. Кезінде осыдан 25-27 жыл бұрын Қазақстанда "Сымбат" деген бір-ақ сән үйі болатын. Сол "Сымбатқа" мен ең алғаш мода көрсетіп шыққан едім. Сол кезден бастап, мен қандай киім тіккізсем де, ұлттық элементтерді, ұлттық нақышты қосамын. Сондықтан біз әншілер арқылы, сән әлеміндегі дизайнерлер арқылы мұны болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазақтың дәстүрлі киімі мен ою-өрнектерін заманауи қылып тіксе, әлемдік брендтер жолда қалады", — дейді әнші. 

© Sputnik / Болат ШайхиновЖеңіс Ысқақова
Жеңіс Ысқақова - Sputnik Қазақстан
Жеңіс Ысқақова

Ысқақова қазақтың дизайнерлеріне насихат жетпей жүргенін айтты.  

"Егер біздің дизайнерлерді жақсылап насихаттаса, "айғайлап тұрған" әлемдік брендтер ойнамай қалады. Мен өзім шетелге гастрольдерге шыққанда, шетелдіктер қазақы стильде тігілген көйлегіме қарап естерінен танып, тамсанып жатады. Бір жаным ашитыны – біздің оюларды батыстың дизайнерлері өздеріне иемденіп алған", — деп қынжылды эстрада жұлдызы. 

Ал әнші Тамара Асардың айтуынша, қазақтың ұлттық киімін Димаш Құдайберген арқылы да насихаттап, әлемге танытуға болады.

"Мен үнемі сахнада қазақтың дәстүрлі киімін киіп жүремін. Менің әрбір костюмім қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Мен өзім де киім тігемін, сондықтан қазақ халқының этнотарихын, әр ою-өрнектің тарихын жақсы білемін. Бір көңілім толмайтыны, қазір аяқ астында жататын киіз бен сырмақтың ою-өрнектері киім-кешектерде өрнектеліп жүр. Дизайнерлер соны ескерсе екен деймін. Ал әлемдік нарыққа шығатын дизайнерге мемлекет те қолдау көрсеткені дұрыс. Немесе ұлттық брендті насихаттау үшін бір концепция әзірлеу қажет. Димаш Құдайберген арқылы да қазақтың ою-өрнегін, ұлттық киімін әлемге танытып, ұлттық брендті ілгерілетуге болады",  — деп түйіндеді әнші.

© Sputnik / Болат ШайхиновFashion Hanum Collection
Fashion Hanum Collection - Sputnik Қазақстан
Fashion Hanum Collection

Ханум Айдаш өз кітабында алғаш рет Қазақстанның ең үздік сән үйлеріне, атап айтсақ, "Aida KaumeNOVA", "Bibisara", "Өрнек", "Тарбия", "JADO", ұлттық мәдениетті қолдайтын "НАЗ" мемлекеттік би ансамбльдеріне, еңбек сіңірген қайраткерлерге тоқталды.

Жаңалықтар
0