Мәдениет

Ырза Тұрсынзада: халықтың тарихи тамыры мен дәстүрі шетелдік брендтерден мықты

© Photo : Ырза Тұрсынзаданың Facebook парақшасынанЫрза Тұрсынзада
Ырза Тұрсынзада - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақ қолөнерін жаңғырту, ата-бабадан қалған асыл мұраны сақтап қалу, ұлттық дүниеге көзқарас, ізбасар тәрбиелеу жөнінде қолөнерші, құрақшы, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзадамен сұхбаттастық.

АСТАНА, 27 наурыз — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Жаһандану дәуірінде ұлтты қалай сақтап қаламыз? Өшпей, керісінше өрлеу үшін не істеу керек? Бұның жауабы ұлттық болмыс, ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыпқа келіп тірелетіні хақ. Ендеше, ең абзалы — ата-бабамыздың жүріп өткен жолына, ұстанған салт-дәстүріне терең бойлап, өз тамырымызды жоғалтпау. Дегенмен, қазіргі заманның тынысы мен талабын ескермеуге әсте болмас. Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың "дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар" деген сөздері ойға келеді. Қазақтың дәстүрін жаңа қырынан танытып, халқымыздың қолөнерін қайта жандандырып жүргендердің бірі – этнодизайнер Ырза Тұрсынзада. Ол кесте тоқу, сырмақ сыру, құрақ құру секілді салтымызды заманауи технология тілімен шебер үндестіріп жүр. 

Тарихи тамыры, ұлттық реңі жоқ дүниенің ғұмыры ұзақ болмайды

Бүгінгі заманда басқа әлемнен оқшау өмір сүру мүмкін емес. Жер-жаһандағы өзгерістер мен жаңашылдықтардың бәрі біздің қоғамға тез-ақ сіңіп үлгеріп жатыр. Өзге жұрттың таңсығына еліктеу бар екені де шындық. Жан-жақтан анталаған жат мәдениет. Дей тұрғанмен, Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, тарихи тамыры болмағандықтан, жат дүние тез шаршатып, оның ғұмыры ұзаққа бармайды. Сондықтан, қайткен күнде де халық ұлттық құндылықтарға бет бұрып, өз дәстүріне қайтып оралады.

"Шекара ашылып, әлемдегі барлық жаңалық қазақ жеріне келіп жатыр. "Land Cruiser" қазақтардың ұлттық көлігіне айналды десек болады. Бұл біз үшін әдеттегі жағдай болып отыр. Сән әлеміндегі түрлі брендтер де біздің қоғамды жаулап алды. Бірақ бәрібір оның барлығы жат қой, өзіміздікі емес. Тарихи тамыр, ұлттық рең жоқ. Оның бәрі әдемі, жылтыр, бірақ біздікі емес. Мысалы, кәуапты қанша жесек те, бесбармаққа ештеңе жетпейді ғой. Халық әбден тойды. Ежелден қазақтың тұрмысында болған жабдықтар, жиһаздар мен бұйымдар жоғалған жоқ және өзектілігін де жоғалтқан жоқ. Оны тек қазіргі уақытқа бейімдеу керек, мұны істеп те жатырмыз. Мен халыққа ұлттық дүниенің қажет екенін түсіндім де, бұл іске бел шешіп кірісіп кеттім", — дейді шебер.

Әжесінің өнегелі тәрбиесін көріп өскен қыз ұлттық өнерге жастайынан қанық. Бала кезден көне дүниеге жаны құштар. Әуелде басқа кәсіппен айналысқанымен, ісмерлік өнерге деген ынтасы мен ықыласы ақыры жеңеді. Тасы өрге домалап тұрған ісін тастап, "Алтын орда" авторлық дизайн үйін құрады. Алғашқы топтамасы алты құрақ көрпе мен алты жастықтан ғана тұрған. "Бірінші топтамамды "Gold", яғни "Алтын" деп атадым" дейді ол. Ал қазір Ырза Тұрсынзада бастаған шеберлер толықтай қазақы нақышта үй сәндейді, қыздың жасауын, кестелі ұлттық киімдер тігеді. Әрі мұның бәрін қазіргі заман стилімен ұштастырып жүр. Осылайша "Оюлы әуендер", "Шатқалдағы суреттер", "Көктем вальсі" сынды бірегей топтамалар дүниеге келген. Ісмерлік көз майын тауыса отырып бітетін іс. Кей дүниелерге жарты жыл уақыт кетуі мүмкін. 

"Тапсырыс алғаннан кейін сол отбасының тарихын зерттейтінім бар. Ұлттық бұйымдар тек әдемі ғана болмауы тиіс, отбасының тарихынан сыр шерткені де дұрыс. Оның түпкі негізі, тарихи тамыры сақталуы қажет. Сондықтан арнайы қалаларға, мұражайларға баратынмын", — деп әңгімеледі кейіпкеріміз. 

"Қазақ жерінде көрпенің бағасын көтерген мен"

Бір қызығы, әу баста ісмерлікті еріккеннің ермегі деп санағандар болғаны рас. Олар бұл кәсіптің пайда әкелеріне күмәнданған. Бірақ Ырза Тұрсынзада үшін бұл табысқа кенелудің жолы емес еді, әжелерімізден қалған ұлттық қолөнер оның көңіл қалауы, құштарлығы болатын. Әйткенмен, бұл кәсіпке ол көп күш пен қаражат салды. Енді қазір кәсібінің нәсібін көріп жүр. Этнодизайнердің Deluxe санатындағы көздің жауын алатын дүниелеріне бүгінгі күні сұраныс күшті.

"Шынын айтқанда, қазақ жерінде көрпенің бағасын көтерген мен. Басында айналамдағы ауқатты, сәнқой, қазіргі заман тілімен айтқанда соңғы трендтерден хабардар әйелдер түсінбестік танытты. "Не істемекшісің? Бұл кімге керек? Ешкім сатып алмайды" дегендер табылды. Ал мен "сатып алмай-ақ қойсын. Өзім үшін істеп жатырмын. Бекер сөйлемеңдер, менің дүниелеріме кезекке тұратын уақыт әлі келеді" дейтінмін. Олар сол кезде күлуші еді. Ал қазір мені «кәдімгі көрпеден өзіне имидж жасап алды" дейді. Мен мұндай мақсатты тұтқан жоқпын. Әрі бұл кәдімгі көрпе емес", — дейді Ырза апай. 

Ия, бұл тек көрпе емес, бұл мәдениет, бұл ата-баба дәстүрі. Ғасырлар қойнауынан жеткен қолөнер, атакәсіп. Шебердің айтуынша, ұлттық дүниенің адам жанына шипа болатындай да қасиеті бар. Мысалы, құрақ көрпе адамның энергетикасын тазартады. 

"Ата-әжелердің әңгімелерін тыңдағанды жақсы көремін. Апаларымның "құрақ көрпеге жантайып алшы, бүкіл шаршағаның кетеді" дегенін жиі еститінмін. Түсірген келін кейде бала көтермей жатады. Апа-әжелеріміз қос құрақ көрпені жаңа түскен келіннің астына салады екен. Көбейсін, өнсін дегені. Олар әйелдің жатақ орны таза болсын дейді. Ұрыс-жанжалы көбейіп кететін жас отбасыларға да құрақты төсейді. Құрақ біріктіреді, отбасын берік қылады. Менің ойымша, мұның бәрі бекер емес", — дейді ісмер. 

Шәкірт тәрбиелеу – бәсекелес емес, ізбасар тәрбиелеу

Қазақтың қолөнеріне шетелдіктердің қызығушылығы күшті. Олар оюмен өрнектелген ұлттық дүние көрсе тамсанып, таңдай қағады. Шетелге көп шығып, түрлі көрмелерге қатысып жүрген этнодизайнер мұны өз көзімен көріп жүр. Арнайы тапсырыс беретіндер де жоқ емес.

"Шетелде біздің өнерге қызығушылық үлкен екені рас. Алысқа жиі шығамын, көрмелерге көп қатысамын. Сондай кездерде көп сұрайды, қатты қызығады. Фэшн-индустрия майталмандарының біздің ұлттық киімдерге таңдай қаққанын талай көрдім. Қазақы дүниелердiң көп элементтерiн өз үлгiлерiнде көрсеткiсi келетiндер табылады. Елімізге қонаққа келетін шетелдіктер үшін эксклюзивті дизайндар жасап жүрмін. Қысқасы, ұлттық ерекшелікпен, ұлттық әдемілікпен таңқалдырғым келеді", — деп бөлісті кәсіпкер. 

Асылы, ата-бабадан қалған біздің көнекөз асыл мұрамыз аз емес. Енді осы мұраны сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге тырысу керек. Өкінішке қарай, дәстүрлі қолөнердің ұмыт болып бара жатқан түрлері баршылық. Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, қолөнершілер ұлттық болмысты, ұлттық бірегейлікті сақтап қалғандар. Бірақ елімізде шеберлер саны көп емес, әрі олар өз мәртебесі мен бағасын алған жоқ. Қазір қолөнерді қайта жаңғырту аса маңызды. Ісмерліктің қыр-сырын жастарға үйретіп, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру керек. Ендеше ата-баба мұрасын сақтауды өз парызы деп санаған біздің кейіпкеріміз қазір шәкірт тәрбиелеуді қолға алып отыр.

"Маған әлеуметтік желілерде көп жазып, осы өнерімді үйретуді сұрайды. Жас қыздар, жас аналар жазады. «Бес кызым бар, жасауын өзім жасағым келеді» деп жазады әйелдер. Ауқатты, бай әйелдер маған келеді. Яғни, мен жұрттың қолөнерге қызығушылығын оята білдім, өз мәдениетін мойындаттым деген сөз. Ютубта арнайы канал аштым, сол жерде сабақтарымды қоямын. Әрбір қазақтың әйелі, қызы ұлттық қолөнерді шаңырағында бала-шағасының жанында істеп, нәпақасын тауып, осының қызығын көрсе екен деймін. Мен болашақ бәсекелестерімді тәрбиелеп жатырмын деп ойламаймын. Олар менің ізбасарларым. Кейінгі ұрпақты қолөнерге үйрету керек", — деп ағынан жарылды өнегелі істің шебері. 

Сөз басындағы ойға қайта оралсақ, өз тарихи тамырымызға жақын болсақ, өшпей, өсетініміз анық. Ал қазақ халқының тамыры терең, салт-дәстүрі бай. Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, қоғамның сырттан келген ағымдарға еш еліктемей, айығатын уақыты келеді. 

"Сондықтан түрлі брендтердің, қазіргі заманғы тенденциялардың құшағында қаламыз деген қауіп менде жоқ. Қазіргі заманғы жаңашылдықтар бізді өшіріп, жоғалта алмайды. Өйткені халық тарихы, салт-дәстүрі шетелдік брендтерден мықты. Бүгінгі жаһандық дәуірде тек өзіміздің мәдениетімізбен, тілімізбен, салт-дәстүрімізбен ғана ерекшелене аламыз. Өз тамырымызға жақын болсақ қана мықты боламыз. Тамырымыды бағаламасақ, жылдам солып қаламыз. Қазақта "Кепкен ағашты өртеу оңай" деген сөз бар. Өз тамырымызды сусындатпасақ, кеуіп қаламыз, бар құндылықтарымызды жоғалтамыз. Тамырлы, тұғырлы елдің ғана байрағы биік", — деп түйді әңгімесін қолөнер шебері. 

 

Жаңалықтар
0