АСТАНА, 9 қараша — Sputnik. 7 жастағы ұлын бұтына жіберіп қойғаны үшін өлімші етіп сабаған қатігез ана жазаға тартылды. Оңтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 31 жастағы әйелге 5 жыл үкім кесті, деп хабарлайды TVK арнасы.
«Шалбарына дәрет сындырып қойғаны үшін баласына бірнеше рет ине сұққан. Онымен қоймай, бетіне ыстық су шашқан. Сондай-ақ, жұдырығымен басынан ұрған. Бала ауыр халде ауруханаға жеткізілді», — деді ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлнұр Кәрімқұлқызы.
Естеріңізде болса, оқиға осы жылдың мамыр айында болған еді. Басынан ауыр жарақат алып, денесі күйген 7 жастағы бала ауруханаға жеткізілген болатын. Оның қазіргі жағдайы бірқалыпты. Құзырлы органдардың шешімінен кейін ол балалар үйіне өткізілді. Сонымен қатар, айыпталушының бір жастағы қызы болса, бөбектер үйіне жіберілген.