АСТАНА, 9 қараша — Sputnik. Алматы облысы полициясы кісі өлтірді деген күдікпен жас жігітті ұстады, деп хабарлайды ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, аталмыш дерек Текеліде тіркелген. 7 қараша күні қала маңындағы қоқыс төгетін жерде жас жігіттің өртеніп кеткен мәйіті табылады. Тергеу барысында полиция жәбірленушінің кім екенін анықтаған, ол 30 жастағы қала тұрғыны екен.
Алғашқы тәулік ішінде полиция кісі өлтірген күдікті – 26 жастағы жәбірленушінің досы 1996 жылы туған құрбысымен бірге ұсталды.
"Ұсталған азаматтың түсіндіруінше, екі дос арақ ішіп отырып, араларында қыз үшін жанжал туындайды. Күдікті танысын өлтіріп, мәйіттен құтылу үшін қоқыс төгетін жерге апарып, өртеп жібермек болған", — деп хабарлайды полиция.
Күдікті қалалық полицияның қамауына алынды. Қылмысты жасырған қыз да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.