АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. 1 қазан –1 қараша аралығында жүргізілген "Абайлаңыз, қауіпті жүк!" акциясы аясында қауіпті жүк тасымалдайтын автокөліктер тексеріліп, анықталған заңбұзушылықтар үшін миллиондаған теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік хабарлағандай, жүкті тасымалдау шарттары, қажетті құжаттар, көлік құралының техникалық жағдайы, жүргізушілердің еңбек және тынығу тәртібін ұстануы тексерілген. Бір ай ішінде қауіпті жүк тиелген 1018 автокөлік қаралды. Автокөліктердің 415-інде заңбұзушылықтар анықталған. Оларға 22,5 миллион теңге айыппұл салынды.
"Заңбұзушылықтардың 377-сін қазақстандық тасымалдаушылар, 38-ін шетелдік тасымалдаушылар жасаған. 2016 жылдың сәйкес кезеңінде тексерілген 1203 автокөліктің 221-нен заңбұзушылық анықталып, 12,1 миллион теңге айыппұл салынды", — деп хабарлайды министрлік.
Айта кету керек, жүк тасымалдау кезінде жарылысқа, өртке, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдануына себеп болатын, сонымен қатар, адамдардың, жануарлардың өліміне, жарақат алуына немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын, қоршаған ортаға зиян келтіретін кез келген материал немесе қалдықтар қауіпті жүктерге жатады.