АСТАНА, 7 қараша — Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жыл соңына қарай теңге нығаяды деген болжамын жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық банк төрағасы қазір жағдайдың тұрақты екенін айтты. Айырбас бағамы сауда бойынша әріптес елдердегі валюта бағамы мен мұнай бағасына байланысты тарихи қалыптасқан шектен асқан жоқ.
"Айырбас бағамының айтарлықтай өсуіне негіз болатын алғышарттар көріп отырған жоқпыз. Керісінше жыл соңына қарай экспорттаушылар тарапынан шетелдік валюта ұсынысы артады, бұл теңге бағамының нығаюына ықпал етеді", — деді Ақышев.
Қазақстан қор биржасындағы таңғы сауданың қорытындысы бойынша ұлттық валютаның бағамы долларға шаққанда 332,51 теңге болды.