АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. "Төрт ағайынды" қылмыстық тобын ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған және Батыс Қазақстанда мұнай ұрлады деген күдікке ілінген өзге де тұлғаларға қатысты іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды Ақтөбе облыстық прокуратурасы аппаратының басшысы Жасұлан Дәулембаев.
"Қылмыстық топ – Ізбасар Е. мен басқаларға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді", — деп жазды Дәулембаев әлеуметтік желіде.
Дәулембаевтың мәліметіне сүйенсек, қылмыстық топ мүшелеріне ҚР ҚК 197-бабы (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), ҚР ҚК 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) және басқа да баптар бойынша айып тағылған.
Айта кетейік, 2016 жылы желтоқсанда Қазақстанның батыс облыстарында арнайы операция жүргізу барысында, мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топ мүшелері ұсталды. ҰҚТ құрамында радикалды салафизм ағымын ұстанушылар болған.