АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Павлодарлық VITA іздеу жасағының еріктілері өзеннен бір жыл бұрын жоғалған Дарья Николаеваның мәйіті табылғанын хабарлады.
Екі баланың анасы 2016 жылдың 21 қазанында күйеуімен кездескеннен кейін жоғалып кеткен еді. 27 жастағы келіншектің туған-туыстары оның аман-есен табылатынына соңына дейін үміттенді. Еріктілермен бірге іздеу жұмыстарын жалғастырды.
Жақында әлеуметтік желілерде еріктілер сараптама нәтижесі белгілі болғанын жазды.
"Бірінші сараптама бойынша әйелдің кім екенін анықтау мүмкін болған жоқ, қайта анализ алынып, қосымша тергеуге жіберілді. Бүгін екінші сараптаманың нәтижесі белгілі болды. Генетикалық дактилоскопия қаза тапқан әйелдің Дарья Николаева екенін көрсетті», — делінген еріктілер хабарламасында.
Еріктілер ақпаратты Дарьяның туысқандарынан алғанын мәлімдеді. Павлодар облысы ішкі істер департаменті әзірге бұған қатысты ресми түрде түсінік берген жоқ.