АСТАНА, 6 қараша — Sputnik. Қарағандыда төрт жеңіл көлік соқтығысып, екі адам оқиға орнында қаза болды, деп хабарлайды Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғасы кеше, жексенбі күні Шахтерлер даңғылында болды.
Toyota Camry-дің 26 жастағы жүргізушісі Шахтерлер даңғылымен Республика даңғылына қарай келе жатып, алдындағы ВАЗ-2107 көлігін соққан, содан кейін жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mersedes Benz Vita және Lexus RX 300 автокөліктерімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан ВАЗ көлігінің 45 жастағы жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында қаза болды.
ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімі (Екі және одан да көп адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жол апатына кінәлі деген күдікпен ұсталған жүргізуші уақытша ұстау абақтысына жабылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр.