Астана, 3 қараша – Sputnik, Айымгүл Әбіл. Қазіргі кезде партия қатарына өзіне де, партияға да абырой әкелетін, елге сөзі өтетін, жауапкершілік жүгін сезіне білетін беделді азаматтар ғана қабылданып жатыр, деп мәлім етті "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия төрағасының бірінші орынбасары Мұқтар Құл-Мұхаммед.
"Ұлттық стратегияға сай әлемдегі ең үздік партиялар жинақтаған тәжірибелерді ескере отырып, "Нұр Отан" партиясы бүгінде институционалдық жағынан әбден толысты деп нық сеніммен айта аламыз. Сондықтан қазіргі кезеңде "Нұр Отан" партиясының қатарына қабылдау талабы күшейтіліп, өзіне де, партияға да абырой әкелетін, елге сөзі өтетін, жауапкершілік жүгін сезіне білетін беделді азаматтар ғана қабылдануда", — деген Құл-Мұхаммед өткен жылдың бірінші қаңтарынан бері 84 мыңнан астам жас азамат партия қатарына өткенін айтты.
Сондай-ақ, ол үш жаңғыру жарияланған уақыттан бастап нұротандықтар партия төрағасының тарихи бастамаларын әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап келетінін атап өтті.
"Партияның күнделікті жұмысында республика үкіметімен бірлесе қабылданып, 2021 жылға дейінгі мерзімге арналған сайлауалды бағдарламаны орындау бірінші кезекте тұр. Жыл басынан бері 5 миллионнан астам адамды қамтыған 85 мыңға жуық іс-шараның нәтижесінде бағдарламада белгіленген межелік көрсеткіштердің 96 пайызы бүгінде орындалды. Екіншіден, парламент мәжілісндегі нұротандық депутаттар заң шыңғарушылық бастамасы артып, партияаралық тәртіп күшейтілді. Бұл депутаттарымыздың ауызбіршілігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсті", — деді ол.
Бұдан бөлек, Құл-Мұхаммед партияның мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржының халыққа жетуін жіті қадағалауда ұстап отырғанын тілге тиек етті.