Астана, 3 қараша – Sputnik, Нұргүл Абай. "Нұр Отан" партиясы танымал блогерлермен ынтымақтаса жұмыс істеп, әлеуметтік желідегі жақтастарының санын өсірген. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия төрағасының бірінші орынбасары Мұқтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Еліміздегі аса танымал блогерлермен жұмыс істеу нәтижесінде партияның фейсбуктегі жақтастарының саны 5,8 есе, инстаграмда 3,1 есе, твиттерде 1,6 есе артты. Партияның халықаралық байланысы да нығая түсті. Әлемдегі озық тәжірибеден үйрену мақсатында Ұлыбритания, Жапония мен Сингапурдың жетекші партияларының басшылығымен кездесулер өткізіліп, олардың оң тәжірибесі партиялық практикаға батыл енгізілуде", — деді Құл-Мұхаммед.
Партия төрағасы орынбасарының айтуынша, биыл Қазақстан бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде, инвесторларды қорғау рейтингінде үшінші орын алды. БҰҰ адамзаттық даму индексі бойынша ел рейтингі соңғы екі жылда бірден 14 тармаққа жақсарыпты.
"Мемлекеттік бюджеттің кейінгі 17 жыл ішінде, 2000 жылдардан бері қарай 591 миллиард теңгеден 12, 5 триллионға, нақтылап айтқанда 21 есеге артуы қазақстандықтар әл-ауқатының еселеп өскенінің айқын дәлелі. 21 ғасырда әлемнің бірде-бір елінде дәл осындай өсіп-өркендеу болған емес", — деп қосты Құл-Мұхаммед.