АСТАНА, 2 қараша — Sputnik. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әнес Сарай латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әнес Сарайдың айтуынша, қазақ ұлтының психологиясында жаңа әліпбиге көшу психологиясы сақталған. Сондықтан жаңа дүниені тез меңгеріп кетеді.
"Әрбір ұлттың жазу-сызуы, әліппе, таңбалардың өзгеруі үлкен әлеуметтік, саяси мәселелермен астасып жүретіні белгілі. Біздің қазақ қауымы да сонау түрік заманынан бері талай жазуды өзгертті. Өзіміздің алғашқы төл жазуымыз түрік жазуынан бастап, одан кейін түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты ауысып отырған. Ұйғыр әрпімен жазған кезіміз де болды. Одан кейін араб әрпіне көштік. 20 жылдың басындағы әлеуметтік-саяси өзгерістердің кезінде жаңаша жеңілдетілген жаңа алфавитке ауыстық. Одан соң латын әліпбиіне ауыстық. Кейін латыннан кириллицаға ауыстырдық. Осындай үлкен жолдарды басымыздан кешірдік. Біздің қазақтың психологиясында әліпби ауыстыру психологиясы сақталған. Қиналмай, тез игеріп кету жағынан қабілетіміз де артты", — дейді жазушы.
Десек те, ол қазіргі таңда көптеген ұлт өзінің төл жазуын сақтап қалуға тырысып отырғанын атап өтті.
"Мынау өзіміздің іргелес көршілеріміз – Армения, Грузия сынды елдер жаңа ғасырдың басындағы жазуларын сақтап келеді. Кириллица 13-14 ғасырдан бастап шыққанын білеміз. Өркениетті елге ұмтылған әрбір ел өзінің жаңа төл жазуын, төл мұраларын ешқашан да естен шығармауы керек. Біз де төл мәдениетімізді ұмытпауымыз керек. Сондықтан да жоғарғы оқу орындарында, жоғарғы сыныптарда түрік жазуларына арнаған курстық сабақтар өткізіп, оларға үйретуге және одан көз жазбауға тырысуға міндеттіміз деп ойлаймын", — деген Әнес Сарай латын әліпбиіне ауысу мәселесіне тоқталды.
"Ал енді латынға ауысуға келетін болсақ, қазіргі әлем елдері дүниежүзілік өркениетке латын жазуы арқылы ұмтылып жатқан тұста, біз де оған осы алфавит арқылы жақындай түспекпіз. Яғни, мәдени интеграцияға латын әліпбиі арқылы жақындаймыз. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұдан біз ұтпасақ, еш нәрседен ұтылмаймыз. Екіншіден, жаңа әліпбиге өтудің өзіндік қиындықтары бар деп жатыр. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Жастарымыздың бәрі ағылшын, неміс, француз сынды шет тілдерін еркін меңгерген. Олар латын әліпбиін еркін меңгеріп кететіні сөзсіз. Бұл жағынан олар сауатты. Сол себепті бізге ешқандай қиындық туындап тұрған жоқ", — деп есептейді жазушы.
Әнес Сарай қазақ тіліне тән бірнеше әріпті дәйекше арқылы белгілеу еш қиындық туғызбайтынын, себебі апостроф пернетақтада да, смартфондарда да бар екенін атап өтті.
«Ұлттық тіліміздің өзіндік ерекшеліктерін білдіретін төрт-бес әріптің төңірегіндегі мәселе бар еді. Ол да өз шешімін тапты. Латын графикасындағы қазақ әліпбиі бәріміздің көңілімізден шығып отыр. Онда қазақ тіліне тән бірнеше әріптің қалай жазылатыны белгілі болды. Оларды бір әріппен, әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылып, апострофпен белгілейтін болдық. Мәселен, «Ә» әрпін А’, «Ө» әрпін О‘, «Ү» әрпін U‘, «Ғ» әрпін G’, «Ң» әрпін N’, «І і» әрпін І і, «Ш» әрпін S’, «Ж» әрпін Z’ деп, дәйекшемен ерекшелеп белгілейміз. Бұл – апостроф, компьютер пернетақтасында да, кез келген смартфонда да бар таңба. Мұндай латын әліпбиін игеруге қазіргі қазақ қоғамы дайын деп ойлаймын», — деп түйіндеді ойын ол.