АСТАНА, 1 қараша– Sputnik. Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Валерий Затайға қатысты үкім шығарды. Ол бір жарым мың доллар пара алғаны үшін 30 миллион 690 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Іс материалына сәйкес, осы жылдың 19 қыркүйегі күні М. Сандалин SanMikh ЖШС директорының атынан басқарма басшысы Валерий Затайға жолығады. Сандалин мемлекеттік қызметкерден құрылыс-монтаж жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін лицензия алуға құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді сұрайды. Шенеунік одан 1 мың 500 доллар көлемінде пара талап еткен.
Айта кетейік, процессуальды прокурор Әлия Мұратова айыпталушыны үш жарым жылға соттауды сұрады.
Ал қорғаушылар мен сотталушының өзі соттан жұмыс орны мен тұрғылықты жерінен алынған мінездемені, барлық наградаларын ескеріп, айыппұл түрінде жаза тағайындауды өтінді. Нәтижесінде сот оған айыппұл түрінде жаза кесуге шешім шығарды.
Сот Валерий Затайды ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлімінде қарастырылған қылмысты жасады деп танып, оған параның 60 еселенген көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді, ол 30 миллион 690 мың теңгені құрайды.