АСТАНА, 1 қараша — Sputnik. Нью-Йоркта теракт жасаған 29 жастағы күдікті Сейфулло Саипов лаңкестік әрекетін "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы атынан іске асырған, деп хабарлайды РИА Новости NBC телеарнасына сілтеме жасай отырып.
"Құқық қорғау органдарындағы дереккөз мәліметіне сәйкес, жүк көлігімен адамдарды соққан ер адам көлікте хат қалдырып кеткен. Хатта ол шабуылды "Ислам мемлекеті" атынан жасағанын айтады", — делінген хабарламада.
Телеарна мәліметі бойынша күдікті Өзбекстан тумасы Нью-Джерси штатындағы Патерсон қаласында тұрады. Бірақ ол ұсталған кезде Флорида штатының жүргізуші куәлігі табылған. Оның әйелі мен екі кішкентай баласы бар.
Өз кезегінде Саиповтың танысы Кобилджон Маткаров NBC арнасына берген сұхбатында "оның бақытты адам болғанын, АҚШ-ты жақсы көргенін және оның террорист емес екенін" айтқан.
Сейсенбі күндіз Манхэттенде қаскөй бірнеше көше велосипедшілер жүретін жолмен жүк көлігін айдап, жол бойы алдынан шыққандарды басып, одан соң мектеп автобусына соғылады. Осыдан кейін пейнтболға арналған қаруымен далаға шыққан жүргізушіге полиция оқ атады. Күдікті ауруханаға жеткізілген.