АСТАНА, 27 қазан — Sputnik. Екібастұз әкімі Қайрат Нүкенов студеттермен өткен кездесуде ұялы телефонының нөмірін жария етті, деп жазады pavlodarnews.kz.
Қала басшысы жастарға көмек қажет болса, телефон арқылы олардың өтінішін тыңдауға дайын екенін айтты.
"Мемлекеттік қызмет – белгілі бір деңгейде қиын және мәртебелі жұмыс. Бізге сіздер секілді жас мамандар қажет. Егер қандай да бір мәселе болса, маған тікелей хабарласа аласыздар. 8 701 736 68 74 — менің нөмірім. Оны 15 жылдан бері ауыстырған жоқпын, телефоным әрқашан қосулы. Егер телефонды көтермей жатсам, смс жазыңдар. Тіпті туыстарыңның мәселесімен де, мысалы оларда жылу болмай қалса, хабар беріңдер, біз міндетті тұрде мәселені шешеміз", — деді Қайрат Нүкенов.
Кездесуде әкім ауылда туып-өскенін әңгімелеп, жастарға ауыл бизнесімен айналысуға кеңес берді.