АСТАНА, 23 қазан — Sputnik. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев баспана кезегінде халық көп тұрған өңірлерде үйлер аз салынып жатқанын айтып, орынбасарына бұл мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет басшысы кей өңірде баспанаға деген халықтың сұранысы мен тұрғын үй құрылысы ауқымының бір-біріне сай келмейтіне назар аударды.
"Сонда қалай? Алматы облысында 37 мыңға жуық адам кезекте тұр, ал жылдың жоспары — бар болғаны 82 пәтер. Қарағанды облысында баспана кезегінде 35 мың адам, жыл жоспары — 387. Маңғыстау облысында керісінше кезекте тұрғандар 17 мың адам, жыл жоспары – 1132. Ақтөбе облысында үй кезегінде 26 мың адам болса, жыл жоспары – 2600", — деді үкімет басшысы.
Сағынтаев өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге бұл жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырды.
"Бұл мәселемен айналысу керек. Әрине, көп салынып жатса қуанамыз, бірақ сұраныс көп өңірлерде ешқандай құрылыс жоқтың қасы. Мұндай болмау керек", — деді премьер.