АСТАНА, 17 қазан — Sputnik. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында зарарлы жемістердің ірі партиясы ұсталды, деп хабарлады ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, қазақстандық шекараның қырғыз учаскесінде күшейтілген кедендік, көліктік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау бойынша жоспарлы операция жалғасуда.
Сонымен, 10-17 қазан аралығында сегіз жүзден астам қырғыз тасымалдаушысы тексеріліп, нәтижесінде 5,6 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған.
Фитосанитарлық бақылау күшейгелі бері 127 автокөліктен 20 құқықбұзушылық жайты анықталып, жалпы салмағы 202 тонна өнім қайтарылған.
"Үш дерек бойынша карантиндік нысандар анықталған —Комсток құрты, шығыс жемір көбелегі және азиялық жидек дрозофилі", — делінген хабарламада.
Зарарлы партиялар Қырғызстанға жөнелтілді.