АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Қырғызстан үкіметі қазақ-қырғыз шекарасында орнаған жағдайға байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) шағымданды, деп хабарлайды республика үкіметінің ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімі.
Бұл ретте шағым түсіруге итермелеген жағдай "Қазақстан тарапынан Бас келісімнің тарифтер мен саудаға қатысты негізгі нормаларының және Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімінің бұзылуы" болып отыр.
"Қазақстан Республикасы 2017 жылы 10 қазан күні Қырғызстан-Қазақстан және Ресей-Қазақстан шекарасында қосымша бақылау шараларын енгізді. Бұл ретте Қырғызстан шекарасынан өтетін адамдар мен көлік құралдарының саны қосымша бақылау шараларын енгізген соң 2,4 есеге қысқарды", — делінген хабарламада.
Қырғызстан үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында өзінің құқығын қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін мәлім болғандай, Қырғызстанның экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға Қазақстан ЕАЭО-ның біртұтас сауда нарығының негізгі қағидаларын бұза отырып, тауардың еркін айналымына кедергі келтіріп отыр деп шағымданған болатын. Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз кезегінде бұл мәлімдемемен келіспей, Қазақстан ЕАЭО заңнамасының аясында әрекет етіп отырғанын алға тартқан еді.
Қырғызстан билігі өзінің өтінішінде Қазақстан тарапынан енгізілген қосымша бақылау ЕАЭО туралы келісімнің негізгі қағидалары мен мақсаттарына қайшы келіп, интеграция мақсаттарына қауіп төндіріп отыр деп атап өтті.