АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Көмір нарығындағы баға саясаты бойынша 13 өңірде тексеріс жүргізіледі, деп хабарлады ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.
"Көмір нарығындағы жағдайға талдау жүргіздік. Осы жұмыстың нәтижесінде анықталғандай, ірі көмір өндіру компанияларының баға саясаты түрлі рейдерлер арқылы сатуға байланысты болып отыр. Осының салдарынан көмірді сатудың, яғни кен орнынан халыққа жеткізудің тікелей схемасы бұзылған. Бұл іске делдалдар араласып, содан көмір халыққа жоғары бағамен жеткізіледі. Мысалы, Шұбаркөл көмірінің бағасы кен орнында 5 мың теңге болса, Астанада ол 11,5 теңгеден сатылып жатыр. Осыған орай біз еліміздің 13 өңірінде тексеру жұмыстарын бастадық", — деп баяндады Жұманғарин.
Вице-минмстр көмір нарығындағы баға саясатына әсер ететін негізгі факторлар анықталғанын айтты.
"Осыған орай энергетика министрлігі ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп кешенді ұсыныстар әзірлеп, көтерме және бөлшек сауда нысандарына өндірістік база, сақтау қоймалары, кірме жолдар және тағы да басқа жайттар бойынша талаптар бекіту керек. Бұл өнімсіз делдалдардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Мұның барлығын жаңа жылға дейін тындырып, заңнамалық тұрғыда реттеу қажет", — деді ол.
Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаев көмір өндіретін кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп жатқаны, қазіргі уақытта елімізде көмір тапшылығы жоқ екенін айтты.
"Қыркүйектің ортасында күннің күрт салқындауына байланысты орталық, солтүстік облыстарда көмірге деген сұраныс артты. Қазіргі уақытта көмір халыққа тиісті мөлшерде жеткізілуде", — деп баяндады ол.
Министрдің сөзіне қарағанда биылғы жылдың тоғыз айында 75,3 миллион тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. Ішкі нарыққа 54,7 миллион тонна көмір бөлінсе, оның 41,1 миллион тоннасы энергия өндіруші кәсіпорындарға жеткізілген.
"Осы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 1 миллион тоннадан астам көмір жеткізілді. Бұл өткен жылғы деңгейден 26,8 пайызға артық. Жыл сайын жылу беру маусымы кезінде коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар және халыққа 10-12 миллион тоннаға жуық көмір бөлінеді", — деді Бозымбаев.
Министрдің айтуынша, әр облыста көмірдің бағасы кен орнынан арақашықтығына және көмірдің сапасына байланысты болып отыр.
"Коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар және халық үшін көмір бағасы көмір разрезінен шығару құнына байланысты. Қазіргі уақытта ол кен орнына, теміржол тарифі, тасымалдау, жылжымалы құрамның қызмет көрсетуі, халыққа көмірді жеткізетін делдал және сауда ұйымдары мен жеке тұлғалардың сұрайтын бағасына байланысты тоннасына 2-5 мың теңге шамасында болып отыр", — деді Бозымбаев.
Бақытжан Сағынтаев көмір нарығындағы жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.