АСТАНА, 16 қазан — Sputnik. Қазақстанда көп сұранысқа ие болатын АИ-92 бензиніне қатысты жағдай осы аптада тұрақталады, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС даму жөніндегі басқарушы директоры Бақытжан Тасанбаев.
"Астана бойынша бензиннің сатылымы еркін жүріп жатыр, қорда екі мың тоннадан астам АИ-92 бензині бар. Бұл ретте екі мың тоннадан астам бензин Ресейден импортталды, тағы 800 тонна бензин жолда келе жатыр. Бензин сатылымы еш кедергісіз орындалып жатыр. Қазақстанға қатысты айтар болсақ, жалпы қорда 12 мың тонна бензин бар. қазіргі кезде еліміздегі зауыттардың бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескерсек, импорттың қамтамасыз етілуі қажет болып отыр. "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС 45 мың тонна ресейлік бензинді жеткізуге келісім жасады. Оның негізгі бөлігі осы аптада келіп жетеді", — деді Тасанбаев.