АСТАНА, 11 қазан — Sputnik. Сочиде ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі және Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев келген жоқ. Мемлекет басшысының баспасөз орталығы сайлау алдында елдегі тәртіпті бақылау үшін Атамбаевтың Сочидегі отырысқа бармайтынын ресми мәлім етті. Ал шынтуайтына келгенде, мүмкін ол Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден қашқан шығар?
Андрей Казанцевтің айтуынша, Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қатысты айтқан өткір мәлімдемесі Қырғызстандағы сайлау алдындағы күрделі саяси ахуалға байланысты. Елдегі ішкі саяси элитасының жікке бөлінуіне Атамбаев қауіппен қарап отыр.
"Соңғы уақытта қырғыз президентінің оппоненттерге әкімшілік қысымды күшейтіп отырғаны жасырын емес.Енді қазір ол оппозиция тарапынан жауапты әрекет болады деп күтуде, сондықтан кездесуге барудан бас тартты. Бұл қорқынышты түсінуге болады, Қырғызстанда билік пен оппозиция арасындағы қақтығыс сирек емес, кейде олар революциялық жағдайға әкеледі», — дейді Казанцев.
Қырғызстаннан Сочиге премьер-министр Сапар Ысқақов барып отыр, ТМД аясындағы кездесулерде үкімет басшылары президенттерді жиі «ауыстырады», деп есептейді сұхбат беруші.
«Бішкек пен Астана арасында ахуал бұрыннан біртіндеп ушыға бастады, енді қазір сыртқа шығып отыр», — деп есептейді Андрей Грозин.
Оның пайымдауынша, мемлекеттердің қарым-қатынасындағы кейбір проблемалардың себебі айқын фактіге келіп тіреледі – түрлі ауқымдағы экономикалар «комплекстің» пайда болуына әкелуі мүмкін.
Саясаттанушының пікірінше, бұл екі жақты проблема – Қазақстан тарапынан да асыра сілтеу болған шығар.
"Қазақстанның экономикасы Қырғызстанмен салыстырғанда көш ілгері екенін атап өту керек. Өкінішке қарай, көптеген қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер Қырғызстанды «інісі» ретінде санайды. Қазақстан қырғыз көршілеріне жиі көмек көрсетеді, бірақ ол қамқорсыну сипатында жасалады», — дейді ол.
Екінші жағынан президент Атамбаев, сарапшының айтуынша, қоғамдағы кейбір ішкі пайым-пікірмен келісе кетуге бейім тұрады.
"Қырғызстанда бұл тұрғыда комплекстер бар. Осыған орай қоғамдық сана деңгейінде мынадай стереотиптер қалыптасқан: «есесіне бізде сіздерде секілді жемқорлық жоқ және біздің саяси көшбасшыларымыз егде емес. Біз демократиялық елміз, ал сіздер бір сөз айтуға қорқасыздар». Атамбаев бұл осындай пікірлерге президент секілді емес, Қырғызстанның қатардағы азаматы ретінде қосылады», — дейді сарапшы.
Дегенмен, саясаттанушы басты фактор ретінде сайлауалды науқанды атап көрсетеді. Елдегі сайлау президенттің күтпеген әрекеттерге жүгінуіне себеп болып отыр. Осылайша, сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай бірнеше фактордың дөп келуінен туындап отыр.