АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин тапшылығына қатысты туындаған жағдай үшін халықтан тезірек кешірім сұрап, оны түзеуге күш салу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев елдегі бензин тапшылығына байланысты энергетика министріне сөгіс жариялау туралы Президентке ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады.
Журналистер үкімет отырысынан кейін Қанат Бозымбаевтан Үкімет басшысының шешіміне қатысты пікірін сұрады.
"Премьер-министр менің тікелей басшым. Сондықтан оның шешімін талқылауға менің мүмкіндігім жоқ. Бұл мемлекеттік қызметшінің әдебіне сай емес. Екіншіден, ол өз құзыреті аясында қажетті шешімдер қабылдады. Мұны да мен талқыға салмаймын", — деді Бозымбаев.
Сондай-ақ ол тілшілердің "отставкаға кету туралы не ойлайсыз?" деген сұрағына жауап берді.
"Мен осы үкіметтің министрімін, менің тағдырым президенттің қолында. Президент қалай айтса, мен солай істеймін. Қазіргі жағдай үшін халықтан тезірек кешірім сұрап, оны түзеуге күш салуымыз керек. Бірақ оған объективті себептер болды", — деді Бозымбаев.
Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев елдегі бензин тапшылығына байланысты энергетика вице-министрі мен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасарын қызметінен босатты.