АСТАНА, 10 қазан — Sputnik. Ақмола облысы денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы заңгері қызды зорлауға әрекет жасап, өлтірмек болғаны үшін сотталды.
Тергеу мәліметінше, 2013 жылы Көкшетауда түнгі клубтан шыққан екі қыздың соңынан көлікпен аңдып, біреуін травматикалық тапаншамен қорқытып, зорламақ болған. Қыз әрең дегенде құтылған.
2016 жылы ер адам қызды моншаға апарып, сол жерде зорламақ болады. Жәбірленуші администраторды шақырып, қашып кетеді де, болған жайтты туысына айтып береді. Ал ол күдіктіні телефон арқылы кездесуге шақырған. Күдікті мемлекеттік нөмірін шешіп, көлікпен келеді, травматикалық тапаншамен жәбірленуші азаматты басынан атады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қашықтықта адамның өліп кетуі де мүмкін.
Тергеу бірнеше рет тоқтатылған, алайда жәбірленушілердің шағымы мен Бас прокуратураның наразылығына сәйкес тергеу соңына дейін жеткізілді. Анықталғандай, күдікті бұдан бұрын да біреудің үйіне басып кіріп, зорлауға әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бірақ ол кезде екі жақтың бітімге келуіне байланысты, іс тоқтатылыпты.
Ақмола мамандандырылған ауданаралық соты отыз жастағы ер адамды он бір жылға соттады.