АСТАНА, 9 қазан — Sputnik. Елімізде бір миллионға жуық адам зейнетақы жарнасын аудармайды, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
"Соңғы екі жылда еңбек инспекторлары адамдардың еңбегін келісімшарт жасамай пайдаланған бір мыңнан астам жұмыс берушіні анықтады. Көбінесе бұл біліктілігі төмен жұмысшыларға қатысты, олар құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану мен ауыл шаруашылығы, сонымен қатар шағын бизнес салаларында жұмыс істейді", — деді Тамара Дүйсенова мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Министр биылғы жылы инспекторлар үй-үйді аралап, 5,6 миллион адамды қамтығанын атап өтті.
"Нәтижесінде жұмыс істейтін, бірақ зейнетақы жарнасын аудармайтын бір миллионға жуық адам анықталды. Сондай-ақ 320 мың тіркелмеген жұмыссыздар мен 1 миллион 400 мың өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар белгілі болды", — деді министр.
Айтуынша, үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдарға қатысты мәселелерді реттейтін және жұмыссыздарды өнімді еңбекке тарту бойынша кешенді жоспар дайындап жатыр.