АСТАНА, 9 қазан — Sputnik. Алматыда мәйіті зират басында табылған 18 жастағы қыздың өліміне қатысы бар күдікті – такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлады Алматы ІІД баспасөз қызметі дүйсенбі күні.
Күдікті 1984 жылы туған, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны, қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Оның такси болып жұмыс істеп жүргені анықталды. Қылмыс жасалған күні жәбірленуші соның көлігіне отырған: ер адам қызды зорлап, тұншықтырып өлтіріпті. Қылмыс іздерін жасыру үшін күдікті мәйітті зират шетіне апарып, лақтырып кетеді. Ұсталған азамат жасаған қылмысын мойындады, айғақтар да жетерлік. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", — дейді Алматы ІІД қылмыстық полиция басқармасы басшысы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин.