АСТАНА, 5 қазан — Sputnik. "Петропавл жылу желісі" ЖШС ыстық су атқылаған шұңқырға түсіп кеткен көліктің иесіне келтірілген шығынды өтеуге уәде берді. Бейбітшілік және Крепостной көшелерінің қиылысында жылу магистралінің жер астындағы апаты салдарынан жол бойында жер опырылып түсті.
Соның салдарынан екі автокөлік шұңқырға түсіп кеткен. Бір көлік еш көмексіз шұңқырдан шықса, келесі көлікті арнайы техникамен шығаруға тура келді. Зардап шеккендер жоқ.
Бейсенбі күні болған брифинг кезінде "Петропавл жылу желісі" ЖШС бас директоры Игорь Рыбас автокөлік иесіне келтірілген шығын өтелетінін айтты.
"Көліктің шұңқырға қалай түсіп кеткенін анықтаймыз. Сараптама келтірілген шығынды есептейді, оны біз өтейміз. Жүргізуші күйіп қалмай, көліктің артқы есігінен шыққан. Өзі аман, тек автокөлігі зақымданған, ол қалпына келтіріледі", — деп уәде берді Рыбас.
Ол шұңқырдағы ыстық судың температурасы 72 градус болғанын айтып өтті.