Өңірлер

Петропавлда мектептер, балабақшалар мен тұрғын үйлер жылусыз қалды

© Sputnik / Виталий Аньков / Медиабанкке өтуЖылу
Жылу - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жылу магистралінің құбырлары 1980 жылы жасалып шығарылған және пайдалануға ұсынылған кепілдік мерзімінен 12 жылдан аса уақыт қалаға қызмет еткен

АСТАНА, 5 қазан — Sputnik. Петропавлда жылу магистраліндегі апаттың салдарынан бірнеше тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар жылусыз қалды. Апат орнында жер опырылып, ыстық су жиналған шұңқырға  автокөлік түсіп кеткен. Сәрсенбі күні сағат 17-лер шамасында Бейбітшілік және Крепостной көшелерінің қиылысында жылу магистралінің жер астындағы апаты салдарынан жол жабындысы астындағы жер опырылып түсті. Соның салдарынан екі автокөлік шұңқырға түсіп кеткен. Бір көлік еш көмексіз шұңқырдан шықса, келесі көлікті арнайы техникамен шығаруға тура келді. Зардап шеккендер жоқ. 

Бейсенбі күні өткен брифинг кезінде "Петропавл Жылу Желілері" ЖШС бас директоры Игорь Рыбастың айтуынша, бұл жылу магистралінің бойында бірнеше зақымдану болған. 

"Біз қолға алып, жөндеу жұмыстарын орындап жатқан Бейбітшілік-Крепостная аумағынан басқа одан ары қарай тағы бір жерде құбырдың зақымдануы орын алған. Бүгін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтауға тырысамыз. Бұл жерде жұмыс жасау өте қиын, себебі, күллі желіні су басып кетті; бұл аумақта кәріз құдықтары аз болғандықтан суды ағызу мүмкіндігі де жоқ", — деді Рыбас.

Оның берген мәліметі бойынша, көппәтерлі жеті үй жылусыз қалып, тағы тоғыз үйдегі жылу көрсеткіші қалыпты деңгейден төмен. 

"Бұл үйлерде ыстық су бар, жылу тек бірінші және екінші қабаттарда бар, ал жоғары қабаттарға қысым жетпейді", — деп мәлімдеді Рыбас.

Алайда, Петропавл тұрғындарының есептеуінше, болған апаттың салдарынан одан көп үйлер жылусыз қалып отыр. Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сәйкес олардың саны жүзге жуық. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимараттары мен бассейні, бірнеше мектептер мен балабақшалар жылусыз қалды.  


Жаңалықтар
0