АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Қарағанды облысы Білім басқармасы Балықтыкөл ауылындағы мектептегі жабынды тақтаның құлауы себептерін мәлімдеді.
"Алдын ала мәліметтерге орай, жабынды тақтаның құлауы құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде техника қауіпсіздігін және ережелерін ескермеу салдарынан орын алды", — деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшілеріне басқарманың баспасөз қызметі.
Жабынды тақтаның құлауы сейсенбі күні жөндеу жұмыстары кезінде болды. Құрылысшылардың бірі зардап шекті. ТЖ кезінде оқушылар зардап шеккен жоқ. Мектептегі сабақтар ғимараттың басқа бөлігінде екі ауысыммен өткізіледі.
Басқарманың берген мәліметі бойынша, шатырдағы ағымдық жөндеу жұмыстары қыркүйек айының басында басталған. Бұл үшін аудандық бюджеттен 4 миллион теңге бөлінген. Екінші қабаттағы дәліздің жабындысы құлаған кезде, қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқан болатын.
Балықтыкөл ауылындағы мектептің шатыры былтырғы жылдан бері жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 2016 жылы күзде тендер жеңіп алған құрылыс фирмасы соңғы сәтте жөндеу жұмыстарын жүргізуден бас тартқан.
Ал, жөндеу жұмыстарын жасайтын жаңа мердігерлер бір ай бұрын ғана табылған.