АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Алматыда ірі көлемде пара алғаны үшін айыпталған екі полицейге қатысты үкім шығарылды.
Үкімге сәйкес, 47 жастағы аға лейтенант пен 34 жастағы аға сержант сотталды. Іс Түрксіб аудандық сотында қарастырылған.
Шілде айында екі полицей кезекшілікке шығады. Бірнеше сағаттан соң Mazda көлігін тоқтатқан. Жүргізушіден басқа көлікте тағы үш адам болыпты. Жүргізуші мен жолаушылардың өзін-өзі ұстауы күдікті көрінгендіктен, полицейлер көлікті тексере бастайды. Жүргізуші орындығының астынан бір пневматикалық, бір газ тапанша және екі бетперде табылады. Үкімде айтылғандай, бұдан бұрын күдікті тұлғалар Алматы жанармай бекеттеріне шабуыл жасаған.
Полицияға хабарласып, тергеу тобын күтудің орнына, полиция қызметкерлері оларға кісен салып, көліктеріне отырғызып алады. Бір миллион теңге әкелмесе, қамауға аламыз деп қорқытады.
Жолаушылар мен жүргізуші ондай ақшасының жоқ екендігін айтады. Сол кезде полицейлер екі жолаушының ата-анасына хабарласқызып, шақыртады. Полиция қызметкерлері жағдайды түсіндіріп, балаларын босату үшін ақша сұрайды.
Жолаушылардың бірінің әкесі ондай ақшасының жоқ екенін айтып, тергеу тобын шақырамыз дейді. Сонда ғана полицейлер соманы 200 мың теңге деп азайтып, екі отбасыға бір сағат береді. Ата-аналар туған-туыстарынан 150 мың теңге жинап беріпті. Ақшаны алған полицейлер жүргізуші мен жолаушыларды босатқан.
Сотта тәртіп сақшылары айыптарын мойындамады.
Бірінші полицей жеті жарым жылға сотталып, аға лейтенант шенінен айырылды. Екіншісі жеті жылға бас бостандығынан айырылып, аға сержант атағын жоғалтты.