АСТАНА, 25 қыркүйек – Sputnik. Алматыда жексенбі күні кешкісін Кожедуб және Папанин көшелерінің қиылысында жолаушылар автобусы мен жол талғамайтын көлік соқтығысты, деп хабарлады құқық қорғау органдары Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Автобус Папанин көшесімен солтүстік бағытта қоғамдық көлікке арналған жолақпен келе жатқан, ал Toyota Land Cruiser Prado Кожедуб көшесімен шығыс бағытта кетіп бара жатып, "Жол бер" белгісін елеместен, қиылысқа шығып кетеді.
Автобус жүргізушісі тежегішті басып үлгермей, бар жылдамдықпен жол талғамайтын көлікке соғылған.
Қатты соққыдан Prado жолдың шетіне ығысып, арыққа түсіп кетеді.
Жол апатынан Prado жүргізушісі мен жолаушысы зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды. Автобуста жолаушылар болмаған, автопаркке кетіп бара жатқан кезі екен.