АСТАНА, 19 қыркүйек — Sputnik. "Азаматтарға арналған үкімет" "Қазпошта" АҚ-мен бірлесіп, пилоттық жобаны іске қосты. Соның арқасында халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ шалғай елді мекендердің тұрғындары мемлекеттік корпорацияның қызметтерін Қазпоштаның ауылдық бөлімшелерінде ала алады, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет"акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.
Әзірше 66 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде электрондық анықтамаларды беру, баланың тууын тіркеу, баланың тууы мен күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау, жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру, запастағы офицерлерге әскери билеттер және олардың телнұсқаларын (әскери билеттің орнына уақытша куәліктер) беру және тағы да басқа қызметтер бар.
"Азаматтар арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, шалғайдағы ауылдық округ тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді еркін алуына ерекше назар аударылып келеді. Осылайша, 2012 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша 70 мобильдік ХҚКО жұмыс істейді, олар әкімдіктердің өтінімдері бойынша елді мекендерге шығып, қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері олар 7455 рет ауыл тұрғындарына барып, 335 736 қызмет көрсеткен.
Қазпошта бөлімшелері арқылы танымал мемлекеттік қызметтерді көрсетудің пилоттық жобасы — азаматтарға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін ыңғайлылыққа арналған тағы бір қадам. Пилоттық жоба алдымен Шығыс Қазақстан облысында екі ай бойы сынақтан өтті, нәтижесінде оны Қазақстанның барлық аумағында қолдану туралы шешім қабылданды.
"Пилоттық жобаны тестілеуде ШҚО пошта байланысы бөлімшелерінде 233 құжат берілген. Одан бөлек, біздің жұмысымызға тұрғындар тарапынан жақсы пікірлер айтылып, оң бағалар берілгендіктен, біз оны еліміздің барлық аумағында жүргізуді шештік. Қазіргі таңда шалғай елді мекендердің тұрғындары пошта байланысы бөлімшелері арқылы 1656 корпорация қызметін ала алады. Демек, енді бұл қызметтерді алу үшін олар аудан орталықтарына барып әуре болмайтын болды", – деді Оспанов.
"Қазпошта" басшысы Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, ауыл тұрғындарын тек пошта қызметімен емес, сонымен қатар әр түрлі банк қызметтерімен, әрине, оның ішінде ХҚКО қызметімен де қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
"Өйткені ауылда көбіне пошта байланысы бөлімшелері ғана жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтерді пошта арқылы алу үшін ауыл тұрғындары құжаттар пакетін ұсынып, қызмет көрсетуге жазбаша түрде өтініш беруі және қажет болған жағдайда мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Қазпошта операторы өтініштерді қабылдап, құжаттар пакетін қалыптастырады және оны жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына жөнелтеді. Онда ХҚКО инспекторы қызметті ресімдеп, курьер арқылы дайын құжаттарды жібереді", – дейді ол.