АСТАНА, 15 қыркүйек — Sputnik. Алматыда мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бесінші батальоны басшылары мен инспекторларының ақшалай қаражатты ұрлау ісіне қатысты үкім шығарылды.
Сәуір айының басында заңнамалық нормалардың бұзылуына қатысты қызметкерлердің тарапынан түскен шағымдардың негізінде ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бесінші батальон командирі Андрей Михайлов және оның орынбасары ұсталды. Оған қоса, взвод командирлері Әнуар Маткәрімов, Юрий Ли, Жандос Рахымжанов және Біржан Алмұратов та тұтқындалған болатын. Сотталушылардың барлығы − 11 адам. Істің материалдары бойынша, сотталушылар 3,5 миллион теңгеден астам мемлекеттік қаражатты иемденген.
Батальон қызметкерлерінің айтуынша, басшылық оларға сыйақы беруді тоқтатқан және еңбек ақы белгілі бір жүйе бойынша беріліп отырған.
Сот үкімі бойынша батальон командирі Андрей Михайлов екі жыл бас бостандығынан айырылып, жеке мүлкі тәркілеуге ұшырады. Өмір бойына мемлекеттік қызметке және құқық қорғау органдарына қызметке тұру құқығынан айырылды. Сот оны полиция полковнигі арнайы атағынан айырды. Кешірім беру заңына сәйкес сот айыпталушыны негізгі жазадан босатып, сот залынан қамаудан босату туралы шешім қабылдады.
Оның орынбасары Данияр Тұякбаев 2 жыл бас бостандығынан айырылып, жеке мүлкі тәркілеуге ұшырады. Кешірім беру заңына сәйкес сот оны негізгі жазадан босатып, сот залынан қамаудан босату туралы шешім қабылдады.
Взвод командирлері Әнуарбек Маткәрімов, Біржан Алмұратов, Жандос Рахымжанов, Юрий Ли, инспекторлар Айдос Смағұлов, Мұхамбет Қадырбаев, Әлім Қожабеков, Женіс Қанығаев, Асхат Тұрсынғалиев те 2 жыл бас бостандығынан айырылды. Сот оларды кешірім беру заңына сәйкес негізгі жазадан босатып, сот залынан қамаудан босату туралы шешім қабылдады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.