АСТАНА, 15 қырүйек — Sputnik. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Тараз қаласындағы қоныс-колониядан алты қылмыскердің қалай қашқанын айтып берді.
ҚАЖК тұтқындардың қоныс колонияда жаза өтеуі басқа мекемелерге қарағанда өзгеше екенін түсіндірді. Жазасын өтеушілердің елді мекендегі түрлі мекемелерде жұмыс жасау құқығы бар. Олар мекемеге тек түнгі уақытта түнеуге келеді.
Сонымен қатар, олардың елді мекенде орналасқан сауда нүктелерін, білім беру, медициналық және басқа да мекемелерге күзетсіз бару құқығы бар. Оған қоса, сотталушыларға еліміздің кез келген аумағына баруға мүмкіндік беретін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
"Барлық қашқындар колониядан сыртқа шығу құқығын пайдаланып, колония қызметкерлерінің бақылауынан бірнеше айдың көлемінде шығып кеткен", — делінеді хабарламада.
Ведомство мәліметтері бойынша қашқан сотталушылар қоныс-колонияда нақты істеген қылмыстары: алаяқтық, ұрлық, бұзақылық әрекеттері сияқты қылмыстары үшін жазасын өтеп отырған.
Қазіргі уақытта барлық қашқындар іздестірілуде, ұсталған соң олар жазасын өтеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.