АСТАНА, 13 қыркүйек— Sputnik. Алматы полицейлері екі баланың өліміне қатысты күдіктіні ұстады.
Балалардың анасымен бірге тұратын 29 жасар Өзбекстан азаматы күдікті болып табылады, деп хабарлайды Алматы ІІД баспасөз қызметі.
"Қазіргі уақытта ер адам өз кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі өндіріс аясында тергеу ісінің жан-жақты нақтылығын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар мен басқа да тергеу амалдары белгіленді. Оған қоса, өзінің көңілдесімен бірге ұсталған, балалардың анасынан жауап алынып жатыр. Айта кететін жайт, бұған дейін әйел із-түзсіз жоғалған деп жарияланған болатын",- деді Алматы қаласы ІІД Тергеу басқармасының бастығы полиция подполковнигі Рустам Әбдірахманов.
Сондай-ақ, алдыңғы күні полиция В. деген азаматшаның үлкен баласының қайда екенін анықтады. Арнайы тексеруден өткізу мақсатында бала медицина мекемесіне жіберілді.
Балалардың өлі денесі табылған пәтер Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан. Оны үш баласы бар әйел жалдап тұрған. Болжам бойынша, балалардың денесі тоңазытқыштың ішінен табылған.