АСТАНА, 11 қыркүйек — Sputnik. Апаттық жағдайдағы №8 елордалық мектептен оқушылар басқа мектептерге ауыстырылды, деп мәлімледі ҚР парламент мәжілісі депутаты Жәмила Нұрманбетова.
Мәжіліс депутаты сайлаушылармен кездесу барысында қалалық мектептерді аралап шығыпты. №8 мектеп 2009 жылы апаттық жағдайда деп бағаланыпты, соған қарамастан сабақ өткізіліп жүрген.
"Мынадай жайтқа тап болдық: мектептің фундаменті бұзылғалы тұр, қабырғалары жарылып кеткен, төбесінен су ағады. Мектеп бұзылып қалмас үшін, сыртынан тартып қойған екен. Баспалдақта балалар тым көп. Асханаға кіріп едік, бөлме өте тар, санитарлық-эпидемиялық жағдайы да оңып тұрған жоқ. Мектеп бұзылғалы тұр, балаларға қауіп төніп тұр емес пе!", — деді Нұрманбетова "Нұр Отан" партиясы фракциясы жанындағы комиссия отырысында.
Оның мәліметінше, мектепте оқушылар саны екі еседен көп асып кеткен: 600 орындық мектепте 1,5 мың бала оқиды екен.
Мәселе партия деңгейінде көтерілген соң оқушылар басқа мектептерге ауыстырылды, дейді депутат.