АСТАНА, 5 қыркүйек— Sputnik. Астанада автокөліктің соғуынан зардап шеккен қыздардың бірі ауыр халде, деп хабарлады №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Ұлыбек Асылбеков.
Астанада Lexus автокөлігінің жас жүргізушісі бағдаршамның тиісті емес жарығына өтіп кетіп, үш оқушыны қағып кетті. Балалар бағдаршамның жасыл түсіне жолдан өтіп бара жатқан еді. Жол апаты салдарынан екі бала ауруханаға жеткізіліп, тиісті медициналық көмек жасалған соң, оның біреуі үйіне жіберілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Асылбековтың мәліметі бойынша, 4-қыркүйек күні он жасар екі қыз бала ауруханаға жеткізілген. Алынған жарақаттардың салдарынан олардың бірі ауыр халде.
"Ес білу деңгейі — кома-1. Ауруларды қабылдау бөлмесінде мамандардың тексеруінен кейін "жарақаттың бірнеше түрі, жабық бас сүйек-ми зақымы, ауыр деңгейдегі мидың соғылуы деген диагноз қойылды",- дейді бас дәрігер міндетін атқарушы өз хабарламасында.
Сонымен қатар, қыз балада сынықтар, соғылу, қан кету және зақымданудан есеңгіреудің екінші – үшінші деңгейі болған.
"Қазіргі уақытта жағдайы ауыр. Бала өкпенің жасанды желдету аппаратына қосылған. Интенсивті емдеу шаралары жүргізіліп жатыр", — деді Асылбеков.
Екінші қыз бала сынық жарақатын алып, жіліншігіне гипс салынды. Ауруханаға жатқызу қажет болмағандықтан, ол бала тұрғылықты мекен-жайы бойынша амбулаториялық емдеу шараларын алу үшін үйіне жіберілді.