АСТАНА, 5 қыркүйек — Sputnik. Ұлттық жаңғырудың басты талабы — ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Ал, осы басты құндылықтарды сақтау үшін әуелі тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді ескеруіміз қажет, дейді ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары Мұхаметқали Сатов.
"Елбасы мақаласында айтылғандай, ұлтық жаңғырудың басты талабы- өз ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу. Ал осы басты құндылықтарды сақтау үшін әуелі тарихымыз бен ұлттық салт-дәстүрлерімізді ескеруіміз қажет. Осы ретте біз халқымыздың рухани байлығын ескере отырып, қоғамдық сананы қайта жаңғырту жолында болашақ Отан қорғаушыларды қалай тәрбиелеу керектігін анықтап алуымыз қажет. Бұл мәселеде құқықтық тәртіп әскерінің тәрбиеші-офицерлері орасан рөл атқармақ", - деді Сатов әскери бөлім командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасарлары мен әскери қоғамдық ұйым өкілдерінің оқу-әдістемелік жиыны аясында өткен "Ұлттық сананы жаңғырту, Қазақстанның ұлттық коды мен мәдениет сақтау" конференциясында.
Ал ШҚО ҚХА кеңесінің төрағасы Лео Шик Қазақстандағы көптеген этностардың басына туған қиын-қыстау жылдары барынша қамқорлық көрсеткен қазақ халқына және өз тағдырыма ризамын деді жиында сөйлеген сөзінде.
"Президентіміздің сындарлы, салиқалы саясатының арқасында елімізде барлық ұлттар мен конфессиялар арасында таулық пен бейбітшілік орнаған. Біз әрқашан Президентіміздің халқына деген қамқорлығын сезіне отырып, еліміздің әрі де гүлдене түсеріне нық сенімдіміз. Бізге оның елдегі тұрақтылықты сақтауға деген зор құлшынысы ұнайды.Меніңше, мемлекет басшысының қоғамдық сананы қайта жаңғырту бойынша ұсынған жаңа бағдарламасы тұрақтылығымызды бекемдеп, ел дамуына жаңа серпін береді деп сенемін", —деді ол.
Жиынға Өскемен, Семей, Павлодар, Курчатов қалаларының әскери бөлімдерінен келген 80-нен астам адам қатысушы жетекші құжаттар бойынша білімі мен дене және әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сыналатын болады.