АСТАНА, 3 қыркүйек — Sputnik. "Абу-Даби Плаза" объектісінің құрылысы территориясында орын алған жаппай төбелестің қатысушылары белгілі болды, деп хабарлады Қазақстанның ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.
2 қыркүйек күні кешке "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңының бақылау-өткізу пунктінде күзет компаниясының қызметкерлері мен шетелдік жұмыскерлер, Үндістан азаматтары арасында қақтығыс орын алды. Жаппай төбелес салдарынан екі Үндістан азаматы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.
Садубаев: "Күзет фирмасының қызметкері Полатовқа дене жарақатын тигізген күдіктілер белгілі болды. Оған қоса, күзет фирмасының қызметкерлері тарапынан Полатовты ұру кезінде құрылыс объектісінің жұмыскерлері — Үндістан азаматтарына дене жарақатын тигізгендер де анықталды", — деген ақпарат берді.
Оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы 2 бөлімі ("Бұзақылық") бойынша тіркелді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қақтығысқа қатысқандардың нақты әрекеттері анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша оқиғаның барысына құқықтық баға беріліп, кінәлілер жазаға тартылады. Сондай-ақ, оқиға орнында қоғамдық тәртіпті бұзған 41 адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың қатарында болған 8 адам әкімшілік жазаға тартылды. Қалғандары профилактикалық әңгімелесуден кейін босатылды.